ДИКТОР: Целиноград ауданы Қоянды ауылының әкіміне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды. Мұндай шешімді облыстық Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері шығарды. Әкім ауыл ішін тазарту жұмыстарына бөлінген қаражатты мердігер компанияға уақытынан бұрын төлеп қойған. Бірақ, әкімнің пысықтығы өзіне кері әсерін тигізді.

 РКС: Целиноград ауданы Қоянды ауылының әкімі Бақытхан Солтанбай атқарылған жұмыстар актісіне мерзімінен бұрын қол қойып, мердігер компания есепшотына 3 миллион теңгеге жуық қаражатты аударып жіберген. Облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері әкімнің бұл әрекетін заңға қайшы деп тапты.

СНХ: ҚАМАЛ ЖАНАЛИНОВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Аудандық прокуратура берген ақпаратқа сәйкес 2023-жылдың 31-шілдесінде әкімдік аппараты мен «Байлық» жеке кәсіпкерлігінің арасында Қоянды ауылының ішкі көшелеріне жазда 2 миллион 975 мың теңгеге қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу жөнінде келісім шарт жасалған. Жұмыстарды орындау мерзімі 2023-жылдың 31-і қазанына дейін деп көрсетілген. Ал, қаражат 8-ші және 11-ші қыркүйек күндері төленген. Қызметтік тексеру барысында Бақытхан Солтанбай өз кінәсін мойындаған жоқ.

РКС: Өз әрекетін түсіндірген Бақытхан Солтанбай мердігерден кепілдік хат алу арқылы жұмыстардың міндетті түрде орындалатыны туралы келіскенін жеткізді. Дегенмен, кеңес мүшелері әкімге қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасады. Отырыста қарастырылған тағы бір мәселе мемлекеттік қызметшілерге заңсыз сыйақы беру. Өткен жылы мұндай 15 дерек тіркелген. Нәтижесінде, мемлекетке 1 миллион 839 мың теңге шығын келді. Тиісті органдардың араласуының арқасында бұл қаражаттың жартысынан көбі ел қазынасына қайтарылды.

СНХ: ӘНУАР ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Тәртіптік шара қолданылған қызметкерлерге, мемлекеттік органда 1 айдан кем уақыт жұмыс істеп жүргендерге немесе сынақ мерзімі аяқталмаған мамандарға сыйақы беру фактілері тіркелді. Барлық фактілер бойынша департамент мамандары дереу әрекет етіп, мемлекеттік органдарға тиісті хаттама жіберді. Департаменттің нұсқауына сай 1 миллион теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды.

РКС: Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін жұмыстан кетпеулері жиі кездесіп жатады. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері осы мәселені де талқыға салды. Заңға сәйкес кешкі уақытта жұмыс орнында қалу үшін қызметкерлердің қолдарында тиісті акт болуы шарт.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ