ДИКТОР: Көктем келісімен көшелер ретке келтіріле бастады. 7 бригада облыс орталығын қыста қар астында қалған қоқыс пен саздан тазартуға кірісті. Көктайғақ кезінде жолдар мен тротуарларға инертті материалдар төселді. Қазір оларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.

РКС: Күн сайын жұмысшылар таңғы сегізден кешкі беске дейін тазалау жұмыстарын жүргізеді. Осы уақыт ішінде бригадалар шағын аудандардағы белгілі бір көшелерді тазалайды. Оңай шаруа емес. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қаланы абаттандыру мен таза ұстау жауапты мамандардың мойнына жүктелген.

СНХ: САМАР БЕКСЕЙІТОВ, «КӨКШЕ ТАЗАЛЫҚ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ: Бүкіл қаланы тазалаймыз. Қоқыс өте көп. Ғабдуллин, Шоқан Уәлиханов көшелері, вокзал маңы, Назарбаев даңғылын қоқыстан арылтып жүрміз.

РКС: Қала көшелерін тазарту жұмыстарын жүргізу үшін "Көкше тазалық" пен "Зерен плюс 2006" мердігер ұйымдарымен былтыр келісім-шарт жасалған. Бұл компаниялар белгілі бір мерзім ішінде тапсырмаларды орындап шығуы тиіс. Қазір қала көшелерінде 45 техника жұмыс істеп тұр.

СНХ: РУСЛАН ТӨЛЕГЕНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: Жыл мезгілінің өзгеруіне байланысты мердігерлік ұйымдар жұмыстың жазғы түріне ауысып жатыр. Біріншіден, біз жол төсемін, тротуарларды, қоқыстардан тазартамыз. Биыл қыста ауа райы біраз қолайсыз болды. Біз қазір жол бойында және тротуарларда қалған инертті материалдарды біртіндеп тазалап жатырмыз. Қазір айналысып жатқан жұмысымыз осы.

РКС: Шаһардың бірнеше шағын ауданындағы аумақтарды тазарту жұмысы аяқталды. Айта кетейік, биыл қаланы абаттандыруға 1 миллиард 445 миллион теңге бөлінді.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ