ДИКТОР: Зеренді ауданында алғаш рет қазақы құмай тазылардың «Шырға тарту» жарысы өтті. Оған Астана, Балқаш, Қарағанды қалалары мен Ақмола өңірінен 50-ден аса саятшы жиналды. Додаға 40-тан астам тазы әкеліпті. Жүйріктігі желмен бірдей қазақы иттердің қырағылығы сыналған сайысты әріптесім Салтанат Сәрсембайқызы көріп келді.

РКС: Ерлан Шыныбеков жарысқа Балқаш қаласынан арнайы келген. Ол бала кезінен құмай тазыларды баптап келеді. Атадан қалған кәсіпті жоғалтпай, жалғастырушы. Жеті қазынаның бірі саналатын қазақы тазыларға деген қызығушылығы ерекше екенін жасырмады. Қазір 3 құмай тазысы бар. Осы байқауда баптаған «Көкдауыл» атты тазысы үшінші орынды иеленді.

СНХ:ЕРЛАН ШЫНЫБЕКОВ, ТАЗЫ БАПТАУШЫ (БАЛҚАШ ҚАЛАСЫ): Бала кезден ұстаймыз тазыны.Қазіргі таңда Балқаш қаласында тұрамыз.Ол қала-тазылардың елі. Тазыларды жүгіртіп,серілік құрып жүрген жайымыз бар. Ең үлкен тазымның жасы 18-де. Ең кішісі 1 жаста.

РКС: Тазы ұстап, саятшылық өнерге бет бұрған жастардың қатары көбейді. Өңірде жеті қазынаны жанына серік еткендер бар болғанымен, мұндай сайыстар сирек ұйымдастырылады. Кейінгі жылдары ғана жандануда. Ал тазы жанашыры Ерлан Есләмов жастарды саятшылыққа дәріптеп келеді.

СНХ: ЕРЛАН ЕСЛӘМОВ, ЖАСТАРДЫ САЯТШЫЛЫҚҚА ДӘРІПТЕУШІ: Мен таза қазақы тазы ұстаймын. 2004 жылы алғаш рет «Тұйғын» деген тазыны алып келдім. Оны ауылдарға апарып, жүгіртіп ауылдың азаматтарына көрсетіп жүрдім. Бала кезімде анам айтып отыратын әкең тазы ұстайтын деп. Сол дәстүрді жаңғыртуға барынша атсалысып жүрмін.

РКС: Құмай тазылар жас ерекшеліктеріне сай екі топқа бөлінді. 1 жасқа талмағандар 800 метрді еңсерсе, ересектері 1000 метр қашықтықты бағындырды. Ал шырға тартудың өзі бес айналымға ұласты. Әр айналымда жарыс жолындағы 5 тазының ішіндегі жүйрігі ақтық сынға іріктеліп отырды.

СНХ:АЛМАТ БАЛТАҒАРИН, ЗЕРЕНДІ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазақтың жеті қазынасының бірі, батырлардың серігі тазылардың жарысы тазылардың жарысының өтуі осы ұлттық дәстүрді дәріптеп, қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта бұл жарыс жыл сайын өтіп оған қатысушылар саны артады деп үміттенеміз.

РКС: Тартысты өткен жарыста «Көкжебе» топ жарды. Астаналық Сансызбай Қожахметовтың тазысы өзгелерден оқ бойы озық келді. Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Құмай тазы баптаушыларға арнайы Алғыс хаттар және сыйлықтар табысталды.

САЛТАНАТ СӘРСЕМБАЙҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ