ДИКТОР: Ақмола облысы еліміз бойынша ірі агроөнеркәсіптік аймақтың бірі. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 45 процентке артты. Аймақ өсімдік, мал шаруашылығы өніміне және оны қайта өңдеуде ішкі ұранысты толығымен қанағаттандырып отыр. Бұдан бөлек, Астананы ет және сүтпен 30 процентке, жұмыртқамен 80 процентке қамтамасыз етіп келеді.

РКС: Ақмола облысында 8700-ге жуық агроқұрылым жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдейтін ірі 68 кәсіпорын бар. Аймақта өндірісті әртараптандыруға ерекше басымдық беріледі. Жыл сайын әлеуметтік маңызы бар дақылдарға арналған алқап көлемі ұлғайтылуда. Өткен жылмен салыстырғанда майлы дақылдар егетін алқапты 161 мың гектарға көбейту көзделген.

СНХ: МАРАЛ ЖАҚЫПОВА, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Ауыл шаруашылығы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіліміне енетін өнімдерді өндірумен айналысады. Облыс картоп егіп, күнбағыс, сары май, жұмыртқа, сиыр, құс етін өндіреді. Бұл өнімдердің бәрімен аймақ толық қамтамасыз етілген.

РКС: Қазақстанда импортқа тәуелді тауарларға қатысты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру есебінен азық-түлік қауіпсіздігі нығая түсуде. 2027 жылға дейін 855 миллиард теңгенің 170 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр.

СНХ: МАРАЛ ЖАҚЫПОВА, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Ақмола облысының әкімі агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі Жол картасын бекітті. Оған 962,6 миллиард теңгенің ірі инвестициялық 86 жобасы кіреді. Аталған жобалар жүзеге асырылса астық пен картопты сақтауға қатысты қуаттылықты ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен бірге еттің барлық түрін, шикі сүт, жұмыртқа өндірісі мен суармалы жер көлемін де ұлғайту көзделген.

РКС: Облыста күнбағыс майын өндіру үшін алқапты ұлғайту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, өткен жылмен салыстырғанда биыл қарақұмық алқабын 521 гектарға, кей шаруашылықтарда картоп пен көкөніс танабын да көбейту көзделген. Тұтастай алғанда облыс аумағында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын егетін алқаптарды ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ