ДИКТОР: Степногорск қаласында заманауи жедел басқару орталығы ашылды. Жаңа нысан шаһардағы құқық тәртібін қамтамасыз етіп, оперативті жағдайды тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Орталықтың ашылу салтанатына облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полицияның жеке құрамы мен аталған саланың ардагерлері қатысты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Жаңа орталық қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысын 324 бейнебақылау камерасы арқылы қадағалайды. Орталықтың жедел бақылау залында 26 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде «102» жедел желісінің операторлары, бейнебақылау инспекторлары, навигаторлармен қатар басқа да мамандар бар.

СНХ: ТАЛҒАТ САҚАНОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Баршаңызға белгілі биылғы жылды Ішкі істер министрі Профилактика жылы деп белгіледі. Осы тұрғыдан алғанда бұл орталықтың біз үшін көмегі зор. Орталықтағы камералармен қатар Ақсу, Карабұлак, Заводской ауылдарына да орнатылған.

РКС: Степногорск қаласының көшелеріне 140-қа жуық, бұдан бөлек, тағы 9 камера шаһарға жақын маңдағы елдімекендерге орнатылған. Сондай-ақ 176 «бұлтты бейнебақылау» камерасы да шоғырландырылған. Олар көпқабатты тұрғын үйлердің подъездеріне және аулаларына орнатылды. Онлайн режимінде көру мүмкіндігі бар.

СНХ: АРДАҚ СҮЛЕЙМЕНОВ, СТЕПНОГОРСК ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Жедел басқару орталығының қызметі ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Қылмыстарды, жол қозғалысы ережелерінің бұзылғанын анықтау, тіркеу жүзеге асырылады. Мұндай орталық қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы өмірін қамтамасыз етеді.

РКС: Айта кетейік, қазір облыс бойынша Көкшетау, Щучинск және Степногорск қалаларында 3 жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Былтыр олардың көмегімен 270-тен астам қылмыс ашылып, 49 мыңдай құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

МЫРЗАГЕЛДІ НАУРЫЗХАН, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.