ДИКТОР: Облыс орталығында футзалдан әуесқойлар командасының доп тебе бастағанына бірнеше жыл болды. Қыста жабық залда, жазда жасыл жамылғылы алаңда жаттығып, «Сұлтан-Арена» футбол алаңында жарыстар өткізу дәстүрге айналған.

РКС: Қыс айларында Көкшетау әуесқой шағын футбол лигасының 50 командасы жабық спорт залдарда маңдай тер төгіп, бірнеше жарыстар өткізді. Жазғы маусымға 38 ұжым сақадай-сай әзірлікпен келіп, алғашқы кездесулерін «Сұлтан-Арена» жасыл жамылғылы заманауи футбол алаңында ойнап жатыр.

СНХ: АЙБАҚЫТ МЫРЗАТАЙ, КӨКШЕТАУ ШАҒЫН ФУТБОЛ ЛИГАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біз футболды бала кезінде ойнап, үлкен алаңдарға шығуды армандаған азаматтардың басын қостық. Олардың жас мөлшері де әртүрлі. 60-тан асқан ағаларымыз да жасыл алаңда жасындай жарқырайды. Әуесқой футболшылар мемлекеттен алақан жайып, қаржы сұрамайды. Өздеріне артылған ақшаға спорттық киімдер сатып алып, көрші қалаларға жарыстарға барып тұрады. Нәтижеміз жыл сайын жетіліп келеді.

РКС: Жазғы маусым ойындарына Көкшетау қаласы және аудандары мен көрші Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше командасы тапсырыс берді. Әр команданың жеңіске деген үміті зор. Әрине, теңбіл допты ұршықша иірген футболшылардың мерейі үстем болары хақ.

СНХ: ЗЕЙНЕЛҚАБИДЕН ҰЛАНБАТЫРХАНҰЛЫ, «ШАБЫТ» КОМАНДАСЫНЫҢ ОЙЫНШЫСЫ: Мен бала кезімнен доп теуіп, ауыл командасында ойнадым. Арманым – жоғары лигада ойнау болатын. Оны орындай алған жоқпын. Сондықтан, ұстаздық ете жүріп, әріптестеріммен бірге «Шабыт» командасын құрдық. Қыста жабық алаңда ойнадық. Бірнеш жарыста жүлдегер болдық. Бізді біріктіріп отырған Көкшетау әуесқой футбол лигасының басшысы Айбақыт ағамызға алғысым шексіз.

СТЕНДАП: ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ТЛШІ: Жасыл алаңда доп теуіп жүрген жігіттердің көбі бала кезгі армандарын орындау үстінде.

РКС: Көкшетау әуесқой шағын футбол лигасының жазғы маусымы басталар алдында қысқы ойындарда топ жарған командалар мен жекелеген ойыншылар арнайы кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әуесқой футболшылардың кездесулері әр сенбі-жексенбі күндері «Сұлтан-Арена» ашық алаңында өтеді.

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ