ДИКТОР: Қазіргі таңда, көктемгі су тасқынына байланысты әр аудандағы жағдай әр қилы. Айталық, Қосшы қаласын тасқын су басады деген қауіп жоқ. Жергілікті билік өкілдері осылай деп отыр. Ал, Аршалы ауданында екі үйді су басса, Зеренді ауданының Шағалалы ауылында 4 үйді су басу қаупі бар. Барлық аудандарда төтенше жағдай қызметкерлері мен волонтерлар белсенді жұмыс атқарып жатыр.
РКС: Қосшыдан қар шығару жұмыстары қаңтар айында басталып, соңғы 2 айда қала аумағынан 171 мың текше метр қар шығарылған. Күн сайын коммуналдық қызмет мамандары 1000 текше метр қар шығарады. Осындай шаралардың арқасында су басу қаупі біршама сейілген. Мектеп ішінен эвакуациялық пункт ашылды. 50 бірлік қажетті техника да дайын. Осы күндері 20 экскаватор мен арнайы техника қала іші мен арықтарды судан тазартып жатыр. Жалпы, Қосшы қаласында 146 көше, 87 көпқабатты үй мен жеке меншік сектор бар.
СНХ: ӘСЕТ МҰҚАНОВ, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бізде мүлдем қар жоқ деп айта аламыз. Топан суға қарсы жедел штаб 27-і құрылған, ал жиырмасыншы наурыздан бастап күннің жылынуына байланысты тәулік бойы жұмыс ітеп жатырмыз. Тұрғындардан келіп түсетін арыз-шағымдардың барлығын 24 сағат бойы үздіксіз қабылдап, тексереміз. Қар шығару жұмыстарына көп көңіл бөлеміз. Осының арқасында үйлерге су кірген жоқ. Бірақ, су кірген аулалар бар. Бұл мәселені шешіп жатырмыз.
РКС: Қызыл су Аршалы ауданына да жетті. Аталмыш ауданға қарасты Елтоқ ауылының екі үйін су басты. Оқиға орнына дер кезінде жеткен төтенше жағдай қызметкерлері түні бойы су тазарту жұмыстарын жүргізді. Қазір аудан бойынша жағдай бір қалыпты. Төтенше жағдай орын алса тұрғындарға көмек көрсету үшін 12 эвакуациялық пункт пен штаб құрылған. Әзірге, тұрғындарды көшіретіндей қиын жағдай орын алған жоқ. Өткен тәулікте ауданнан 3350 текше метр қар, 8770 текше метр су шығарылды. Бұл жұмыстарға 100ге тарта адам, 48 бірлік техника, 21 мотопомпа жұмылдырылған.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Ал, Зеренді ауданының Шағалалы ауылында 4 үйді су басу қаупі бар. Күннің күрт жылып, даладан келген еріген судың салдарынан аудандық маңызға ие Көкшетау-Атбасар-Ақадыр және Ақадыр-Ескенежал жолдары мен республикалық маңызға ие Көкшетау-Атбасар тас жолдарына су жайылған. Тасқынның алдын алу мақсатында инертті материал салынған мыңға жуық қап қолданылды. Нәтижесінде су деңгейі біршама төмендеді.
РКС: Щучинск қаласында өткен тәулікте су басу қаупі бар үйлердің тұрғындарынан 53 қоңырау келіп түскен. Қалалық коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар бөлімінің күшімен барлық мекен-жайлар бойынша қауіп жойылды. Көше қиылыстарындағы су өткізгіш құбырларды тазалау, жуу жұмыстары жүргізіліп, арықтар тазартылған.
СНХ: АСХАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, ЩУЧИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазір қаладағы барлық техниканы пайдаланып жатырмыз. Бұл жерде жергілікті кәсіпкерлердің де көмегі тиюде. Өткен түнде Маяковский көшесінде су тасқыны қаупі болды. Түнгі сағат 3-ке дейін құбырларды бұрғылап, қауіпті жойдық. Барлық шақыртуларға мотопомпа мен ассенизатор көліктерін жіберіп жатырмыз.
РКС: Атбасар ауданында, әзірге, жағдай тұрақты. 18-ші наурыздан бастап арнайы жедел штабы тәулік бойы жұмыс істеуде. Бүгінде Атбасар қаласынан 20 мың текше метрге жуық қар шығарылған. Елді мекендерде су өткізу құбырларын тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, шамамен 2000 текше метр қар шығарылды. 3,5 мыңнан астам қап инертті материал төселген. Сондай-ақ, жуырда Атбасарға облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 30 адам мен 10 шақты арнайы техника жіберілді. Тұрғын үй аулаларынан 1 мың текше метрге жуық су шығарылды.
СНХ: АМАНБЕК ҚАЛЖАНОВ, АТБАСАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Бүгінгі таңда бәрі дайын. Тәулік бойы 4 жасақ жұмыс істейді. Соңғы 3 күнде қала тұрғындарынан 400-ден астам қоңырау қабылданды. Бәріне жәрдем көрсетілді. Жақын арада Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің күштері келеді. Үйлерді су басу қаупі жоқ. Тек жер үйлердің иелері ауаларынан қар шығармаған жағдайлар тіркеліп жатыр. Оларға жәрдемдесіп жатырмыз.
РКС: Тасқын полицейлердің де жұмыстарының күшеюіне әсер етті. Су толатын жерлерге қосымша бекеттер мен патрульдік жасақтар қойылған. Облыс жолдарында су басу қаупі жоғары жүзден астам аймақ бар. Олардың әрқайсы полицейлердің жіті бақылауында. Облыс орталығында да жағдай тұрақсыз. Тәртіп сақшылары төтенше жағдай департаменті мен жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсетіп жатыр.
СНХ: ЖАНАТ ШӘРІПОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРНЫБАСАРЫ: Қатқан мұз көтеріліп, нәтижесінде Абай көшесінің бйындағы көпірде кептеліс пайда болды. Тек осы аумақта 5 автопатруль мен оннан астам полиция қызметкері жүр. Үйлерін су басқан тұрғындарды эвакуациялауға көмектесіп жатыр. Одан бөлек, жол қозғалысын қадағалап, жол-көлік оқиғасының болмауын бақылауда ұстайды.
РКС: Бүгінгі таңда, жолдардың қауіпті аумақтарында 300-ге жуық полицей мен 50-ден астам патрульдік полиция жұмыс істеп жүр.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ