ДИКТОР: «Ойын бизнесі туралы» заңына қарамастан, CashVille казиносы ойын автоматтарында технологиялық орнатылған 95 проценттен кем емес ұтысты растау талабын сақтамаған. Нәтижесінде казино екі жыл ішінде 4,6 миллиард теңге көлемінде заңсыз кіріс алған. Бұл заңбұзушылықты прокуратура анықтады. Сондай-ақ, 15 кәмелетке толмаған жасөспірімнің ойын мекемесінде жұмыс істейтіні әшкереленді, ал заң бойынша олардың еңбегін ойын бизнесінде пайдалануға тыйым салынған. Облыстық прокуратура Бурабай ауданында орналасқан ойынхананың ұтыс пайызы бойынша талапқа сай келмейтінін және ойын автоматтарын заңсыз пайдаланғанын анықтады. Сот шешімімен ойынхана әкімшілігі жауапкершілікке тартылып, заңсыз жолмен тапқан табысы тәркіленіп, 6 ай мерзімге лицензияның қолданылуы тоқтата отырып, 3 млн 450 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.