ДИКТОР: Қыркүйектің он бесі елімізде тұрғындарды емханаларға тіркеу науқаны басталды. Дәстүрлі шара екі айға созылмақ. Бұл туралы тілшілер қауымына облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында науқан тәртібі, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы айтылды.
РКС: Емханаға тіркелудің бірнеше әдісі бар. Алғашқысы – тұрғындар өздері қалаған медициналық пунктке барып тіркеледі, екінші әдіс - Egov электронды веб-порталы арқылы жүргізіледі. Олай тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет. Бүгін басталған науқан қарашаның 15-не дейін жалғасады. Ақ халаттылар қанша дабыл қаққанымен, өз денсаулығына салғырт қарайтындар баршылық. Тіпті, әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінің қызметіне жүгінбейтіндер де көп,-дейді мамандар.
СНХ: ТОҚТАР ҚОҢЫРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Толыққанды медициналық көмек алу үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру болу керек. Көптеген азаматтар осыны түсінбейді. Облыс тұрғындарының 18 пайызы әлі күнге дейін сақтандырылмаған. Компьютерлік томография, магниттік – резонанстық томография сынды қызмет түрлері өте қымбат. Ал медициналық сақтандыру болса, ондай қызмет түрлері, күрделі оталар айтарлықтай төмен бағаға жасалады.
РКС: Сондай-ақ, медицина өкілдерінің мәлімдеуінше, тұрғындар емхананы ғана емес, өздерінің учаскелік дәрігерлерін де ауыстыра алады. Ол үшін тіркелген емхананың бас дәрігерінің атына өтініш жолдап, дәрігерді ауыстырудың нақты себебін көрсетуі қажет. Бірақ, белгілі бір себептерге байланысты өтініш қабылданбауы да мүмкін.
СНХ: ӘЛИЯ ЖҮСІПОВА, ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бір дәрігерге 1700 адамды тіркейміз. Егер дәрігердің қарамағындағы тұрғындар саны бұл көрсеткіштен асып кетсе, өтініш қабылданбайды. Осындай жайттарды ескеріп, ақ халаттылардың жұмысына түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.
РКС: Әлия Жүсіпованың мәлімдеуінше, қазіргі таңда, облыс бойынша 29 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның 19-ы мемлекеттік, қалған алтауы жеке меншік. Бірақ, барлығының мақсаты бір – халыққа сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсету.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ