Былтыр ғана 70-жылдық мерейтойын атап өткен Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы Көкшетауға «Әнім сен үшін» атты концерттік бағдарламасымен келді. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай ұйымдастырылған гастрольдік сапарға филармония ұжымы өздерінің үздік әндері мен билерін ала келген.      

Өткен жылдың қараша айында Ақмола облыстық филармониясының бір топ әртістері Павлодар жұртшылығын өнерлерімен тәнті етсе, енді міне Павлодардан келген өнер ұжымы Көкше еліне концерттік бағдарламасымен келіп отыр. Концертке республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары – филармонияның дәстүрлі, эстрадалық әншілері мен бишілері қатысты.    

Концерттік бағдарламада халық әндері, қазақ, шетел композиторларының туындылары шырқалды. «Нұр би» ансамблінің «Бабалар үні» атты биі де көпшіліктің көңілінен шықты. Филармония ұжымымен бірге келген биылғы «Жас қанат» байқауының жеңімпазы, павлодарлық Бахтияр Мадияров кеш қонағы болды.  

Музыкалық кеште жеке әншілермен қатар «Ретро», «Самиан» вокалдық топтары да өнер көрсетті. К.Дүйсекеевтің «Өкінбесең», Ш.Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» атты әндерін көрермен қауым ерекше ықыласпен қабылдады. Павлодар облыстық филармониясының өнер ұжымдары жан-жақты бағдарламаларымен талғампаз Көкше жұртшылығын тәнті етті.  

 

Әйгерім Бекмағамбетова, Марат Ахметжанов