«Қуатты Қазақстан – баянды болашақ!» Красный Яр селосында дәл осындай атаумен облыстық көркемөнерпаздар байқауының іріктеу кезеңі өтті. Сайысқа қатысуға барлығы 30-ға жуық шығармашылық ұжым өтініш білдірген. Олар қазылар алқасының алдында өнерлерін көрсетіп, ақтық кезеңге жолдама алу үшін өзара бақ сынасты.

 «Әжелер» тобы – байқаудағы ең тәжірибелі қатысушылардың бірі. Ақ жаулықты аналардан құралған топ 10 жылдан бері жергілікті тұрғындарға өз өнерлерін көрсетіп келеді. Қалалық, облыстық деңгейдегі шараларға белсене араласады. Бұл жолғы байқауға да ерекше дайындықпен келдік, - дейді өнерлі әжелер.

Байқау қатысушылары түрлі жанрда өнер көрсетті. Ұлттық аспаптар ансамблі, би ұжымдары, домбырашылар тобы, халық әндерінің орындаушылары, эстрадалық бағыттағы дуэттер мен квартеттердің барлығы да – осы сайыстан табылды. Олардың өнерлеріне көрермен қауым да ерекше тәнті болды. Жалпы, қатысушылардың жасына шектеу қойылмаған. Өтініш білдіргендердің барлығы қатысты. Себебі, байқаудың басты мақсаты – халық арасындағы талантты өнерпаздарды анықтау болатын.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша, «Көкше» квартеті, «Әжелер» тобы мен «Рябинушка» би тобы үздік деп танылып, облыстық байқауға жолдама алды. Олар енді 26-ші сәуір күні Көкшетау қаласында өтетін ақтық кезеңде өнер көрсетеді.

Нұргүл Нұрбайқызы, Бауыржан Смағұлов.