ДИКТОР: Бүгінде Көкшетау қаласында 10 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде балалар үйінің түлектері де бар. Олардың баспаналы болуы жыл өткен сайын қиындап барады. Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес енді жетімдер үйді сатып алу құқығымен жалға ала алмайтын болды. Бұған наразылық білдірген олар әкімдіктің табалдырығын тоздырып, баспаналы болуды қалап отыр.

РКС: Салтанат Жанқатованың тұрғын үй кезегіне тұрғанына 10 жылға жуықтады. Алайда, ол әлі де өзіне тиесілі баспанаға қол жеткізе алмай келе жатқанын айтады. Балалар үйінің тәрбиеленушісі қазіргі уақытта отбасымен бірге мемлекеттен уақытша берілген жатақханада тұрады. Оның өзі апаттық жағдайда.

СНХ: САЛТАНАТ ЖАНҚАТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: /Үш балам бар. Барлығымыз жатақхананың кішкентай бір бөлмесінде тұрамыз. Ешқандай жағдай жасалмаған. Үйдің кірпіштері құлап жатыр. Күйеуім өндірістік жарақат алған. Өзі жалғыз жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүр. Әкімдіктен уақытша болса да, екі бөлмелі пәтер беруін сұраймыз. Өйткені, мына бөлме бізге тар. Өте қиын.

РКС: Қолдарына пәтер кілтін ала алмай жүрген балалар үйінің түлектері тұрғын үй кезегінің дұрыс жылжып жатқанына да күмәнмен қарайды.

СНХ:ИНДИРА НҰРМАҒАМБЕТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Үй кезегі мүлдем қозғалмайды. 2019 жылдан бері бүгінге дейін мен тізімнен бірнеше орынға ғана жылжыдым. Өткен жылы бізге берілетін тұрғын үйді жалға ала алмайтынымызды білдік. Ипотека алыңдар дейді. Оған біздің жағдайымыз келмейді.

РКС: Мемлекеттен берілетін тұрғын үйдің құрылысы тоқтап қалған. Бұл әкімдіктің жауабы. Оған құрылыс материалдарының күрт қымбаттауы себеп болыпты. Салдарынан баспана кезегі баяу жылжып, наразылық білдірушілердің саны артқан.

СНХ: ЖАННА ӘБДІРАХМАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін құрылысы қайтадан басталады. Тұрғын үй кезекпен беріліп жатыр. Жалға берілетін тұрғын үйлердің жобасына түзетулер енгізілді. Салдарынан кезек баяу жылжып отыр. Ал уақытша берілген баспанаға келсек, біз оған кіргізбес бұрын көрсеттік. Олар өздері келісімін берді.

РКС: Қазіргі уақытта Көкшетауда мемлекеттен берілетін 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Содан кейін баспана үлестіру басталады. Алайда, ол жетімдерге ғана емес, баспана кезегінде тұрғандардың барлығына бірдей берілмек. Балалар үйінің түлектері бұл бізге жетпейді,-деп қынжылуда.

ҮМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»