Елімізде жеке меншік денсаулық сақтау мекемелерінің саны артуда. Бұл үрдіс Елбасының пәрменінен кейін ерекше серпін алды. Мемлекет басшысы бұл тапсырманы биылғы жолдауында да атап өтті. Жеке меншіктегі медицина мекемелеріне тең жағдай туғызу керек. Бұл  бәсекелестікті дамыту үшін жасалған қадам.

Тұрғындар қазір қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөледі. Сапалы, қолайлы болғанын қалайды. Сондықтан сәл артық шығындануға қарсы емес. Мәселен, Көкшетаудағы жеке меншік медицина мекемесі халық арасында жоғары сұранысқа ие. Күніне шамамен 1000 адамға қызмет көрсетеді екен.  

Жеке меншік медицина мекемелері ұсынатын ем-домның ауқымы кең. Зертханалық, сараптамалық, күндізгі стационар да бар. Жекенің басымдылығы - бәсекелестік. Олар тұтынушы көңілінен шығу үшін барлық озық техника мен білікті мамандарды жұмылдыруға тырысады.

Денсаулық сақтау бюджеттен, басқаларға қарағанда, көп қаржы бөлінетін сала. Мемлекет барлық деңгейдегі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартуда. Дегенмен, жекенің бұл салаға қаржы құйып, қазақстандықтардың денсаулығына оң әсер еткені дұрыс, - дейді сала мамандары. Сондай-ақ, жеке меншік мекемелердің көбеюі қызмет құнының қарыштауына қолбайлау болмақ. Әрі бәсекелестік күшейе түседі, бәсекелестік болған жерде, сапаға да басты назар аударылады. 

Ермек Елберген