Қазіргі таңда Ақмола облысында фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын 711 нысан бар.  Өңірде диспансерлік тіркеуде тұрған 130 мыңнан аса адамға тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі соңғы жылдары оң жолға қойылып келеді. Десе де бірқатар келеңсіздіктердің орын алып отырғаны да кездеседі. Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласы өкілдерінің қатысуымен өткен отырыста амбулаторлық деңгейде диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.

Соңғы жылдары диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесінде біршама оң нәтижелерге қол жеткізілген. 2012 жылдың өзімен салыстырғанда тегін берілетін дәрі-дәрмектің түрі 40 пайызға дейін артқан. 2016 жылы олардың саны 280-ге дейін жеткен. Өткен жылдың қорытындысына сай, өңірдегі диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 3,5 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған.  

2016 жылы медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті тарапынан дәрі-дәрмектерге қатысты арыз-шағымдар бойынша 88 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін жауапты тұлғалар мен органдарға 1,5 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынған.

Бүгінде өңірде орталықтандырылған дәріхана қоймасы, қалалық және аудандық емханалардың жанынан мемлекеттік дәріханалар жұмыс істейді. Осындай бекеттердің құрылуы нәтижесінде диспансерлік тіркеуде тұрған науқастарға тегін дәрі-дәрмекті емханадан шықпай-ақ сол жерде алуға мүмкіндік туып отыр.  

Әйгерім Бекмағамбетова, Дархан Сағын