Былтыр «Рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру» бағдарламасы аясында өңір мектептерінде 495 «Адал ұрпақ» клубы құрылып, оның құрамына 4 мыңға жуық оқушы тартылған болатын. Сондай-ақ, мектеп қабырғаларында 600-ге тарта «Парасатты азамат» бұрышы құрылған. Бүгінгі күні, «Адал ұрпақ» клубының жұмысымен өңір мектептерінің 100 пайызы қамтылған. Бұл деректер Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі департаментінің өкілдері ұйымдастырған форумда айтылды.
Форумның мақсаты «Адал ұрпақ» клубтарының жұмысына қатысты мектеп ұжымдарымен өзара әрекеттестікті қамтамасыз етуге және тәжірибе алмасуға бағытталған. Мәлік Ғабдуллин атындағы № 3 көптілде оқытатын мектеп-гимназияның қабырғасында ұйымдастырылған шараға қала мектептерінің басшылары жиналып, мектеп арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқыға салды. Сала мамандары тақырып төңірегінде баяндамалар жасап, құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарын, жасөспірімдерге түсіндірді.
Іс-шара барысында оқушылар сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Сондай-ақ, №3 мектеп-гимназиясы оқушыларының арасында «Сатылмайтын, адал еңбек бейнесі» тақырыбында суреттер байқауы өтті.
Сондай-ақ іс-шара барысында қатысушыларға жемқорлыққа қатысты оқушылар арасында жүргізілген пікір-терім бейнеролигі көрсетілді. «Рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан жұмыстар жауапты, бастамашыл, патриотты жастарды тәрбиелеуде септігі көп,- дейді ұйымдастырушылар.
Айгүл Мырзағұл, Дархан Сағын